Н.Сабильянов: Кірістер мен шығыстарды жалпыға бірдей салықтық декларациялауды енгізу туралы

Нұртай Сабильянов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы Фракциясының мүшесі:

Өткен жылы қабылданған заңға сәйкес жеке тұлғалар Активтер мен міндеттемелер туралы декларация, Кірістер мен мүлік туралы декларация, сондай-ақ Кірістер туралы қысқаша декларация тапсыратын болады. Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда елдегі және шетелдегі мүлік, жинақтар туралы, кредиторлық және дебиторлық берешек туралы мәліметтер көрсетілетін болады. Ол бір рет тапсырылады, алшақтықтар болса, кейіннен түзетілуі мүмкін немесе тиісті заңдардың талаптарына қарай толықтырылып отырады, сондықтан азаматтарымызға оның маңыздылығын түсіндіріп, жеткізу аса қажет. Мен декларацияның барлық үш түрінің де жобасын көрдім және енді бұл жөнінде сіздермен өз ойымды бөліскім келеді. Біріншіден. Активтер мен міндеттемелер туралы декларация 16 беттен, Кірістер мен мүлік туралы декларация 42 беттен, ал Жеке тұлғаның кірістері туралы қысқаша декларация 2 беттен тұрады. Екіншіден. Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны және Кірістер мен мүлік туралы декларацияны толтыру үшін мәліметтерде (жылжымайтын мүліктің, көлік құралдарының бар-жоғы туралы, заңды тұлғалардағы қатысу үлесі туралы, кредиторлық және дебиторлық берешек туралы, мүлікті алғаны туралы, мүлік сатып алу шығыстары, құнның өсімінен түсетін кірістер, мүлікті берген немесе оны сатып алуға қарыз берген тұлғалардың Бизнес сәйкестендіру нөмірлері, Жеке сәйкестендіру нөмірлері және т.б.) алшақтықтар болмау үшін түрлі ұйымдардан көптеген анықтама-растамалар құжаттар жинау қажет. Үшіншіден, көптеген азаматтар декларация деректерін өз бетінше дұрыс толтыра алмайды, оларға көмек көрсетіп, консультация беру қажет, өйткені декларацияны дұрыс толтырмаған жағдайда алғаш рет оған ескерту беріледі. Қателіктер қайталанса, ол шамамен 64 000 теңге айыппұл төлейтін болады. Егер қарапайым азаматтың жалақысы 40-50 мың теңге болса, ол мұндай айыппұлды қалай төлейді? Осыған байланысты осындай айыппұлдың мөлшерін азайту керек. Декларацияны толтыру қарапайым болу үшін оның мазмұнын мүмкіндігінше оңтайландыру, қысқарту қажет. Одан әрі бұл декларацияда қолма-қол ақша республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен жалақының 160 еселенген мөлшері шегінен аспайтын сомада көрсетіледі. 2016 жылы бұл шекті мөлшер 3,6 млн. теңгені құрайды. Мысалы, егер азамат 27 желтоқсанда пәтерін немесе үйін 7 миллион теңгеге сатып, жаңа жылдан кейін басқа үй алғысы келсе онда ол декларацияда қолма-қол ақшасы ретінде 3,6 млн.теңгені көрсетіп, қалған 3,4 млн.теңгені банкке салу керек. Бұл жерде банктің мүддесі байқалады. Осыған байланысты, Декларацияда көрсетілетін қолма-қол ақшаның шекті мөлшерін 60,0 млн. теңгеге дейін ұлғайтуды ұсынамын. Сонымен қатар, жеке тұлғаның қалауы бойынша құны 160 ең төмен жалақыдан (3,6 млн. теңгеден) асатын биологиялық активтер, мәдени құндылықтар, асыл тастар мен қымбат бағалы металдар, зергерлік бұйымдар көрсетілуі мүмкін екені көзделген. Бір нәрсені не көрсетуге міндеттеу қажет не «қалауы бойынша» декларациялау мүмкіндігін мүлдем алып тастау қажет. Кірістер мен міндеттемелер туралы декларацияда кірістер, шығыс көздері көрсетіле отырып, жылжымайтын мүлікті, көлікті, бағалы қағаздарды, қатысу үлестерін және тағы басқаларды иеліктен шығару немесе сатып алу туралы мәліметтер көрсетілетін болады. Осымен қатар, декларацияда жеке тұлғалар салық шегерімдері туралы ақпаратты, мемлекеттік тіркелуге жататын мүлікті сатып алу немесе сату жөніндегі мәліметтерді және жеке табыс салығы бойынша асып кету сомасын есепке жазу және қайтару жөніндегі талапты көрсетеді. Салық шегерімдері – бұл жеке тұлғалардың оқуға, медициналық қызмет көрсетуге арналған, сыйақылар жөніндегі және тағы басқа шығыстары. Салық шегерімдеріне байланысты жеке табыс салығы бойынша мемлекеттің жеке тұлғалар алдында орасан берешегі пайда болмай ма? Жеке тұлғалардың кірістері туралы қысқаша декларацияда қандай да бір цифрлар мен басқа да мәліметтер толтырылмайды. Онда тек ғана жұмыс берушінің төлем көзінен салық салынған кірістерді алғанын, Зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерінің, алименттердің, стипендиялардың және басқа да төлемдердің алынғанын растайтын белгілер ғана қойылады. Берілген анықтамаға сәйкес шамамен 8 млн. адам (декларация тапсыруға міндетті 8 млн. адамның 70 %-ы) қысқаша декларация тапсырады. Табысы аз болса, онда қоғамды алаңдатып, жеке тұлғаларды кірістерін декларациялауға міндеттеудің қажеті бар ма деген сұрақ туындайды. Сондай-ақ жұмыс берушілердің жеке табыс салығын, зейнетақы аударымдарын төлеуі арқылы Қазақстанның барлық тұрғындарының кірісі туралы мәліметтер алудың басқа да тәсілдерінің бар екенін ескерген жөн. Бастапқыда халықтың кірістері мен шығыстарының ашықтығын қамтамасыз ету және жеке тұлғалардан бюджетке жеке табыс салығының түсуін ұлғайту міндеті тұрған болатын. Халықтың әл-ауқаты мен нақты кірісін арттырмай бұл міндет шешілмейді *** Декларация тапсыру «Электрондық Үкімет» порталы арқылы электрондық түрде жүзеге асырылатын болса, онда көптеген ауылдарда интернеттің жоқтығында ескеруіміз керек. Өйткені, Индустрия және даму министрі менің депутаттық сауалыма берген жауабына сәйкес ауыл халқын Интернет желісіне кеңжолақты қолжетімділік қызметтерімен қамтамасыз ету жөніндегі жобаны екі кезеңмен іске асыру жоспарланып отыр: 1-кезең 2016-2018 жылдар – 1 291 ауылдық елді мекен, 2-кезең – 2019-2025 жылдар – 4 283 ауылдық елді мекен. Халқы 10000 адам және одан көп ауылдық елді мекендер Интернет желісі арқылы декларация тапсыра алады, ал тұрғындары 10000 адамнан аз ауылдық елді мекендердің халқы не істейді? Демек, пошта арқылы немесе декларацияларды қабылдау пункттеріне жеке өзі келіп қағаз түрінде декларация тапсыруға ауыртпалық түсетін болады. Осыған орай, ауылдардағы пошта ұйымдарының қызметкерлері әрбір декларацияға поштаның штемпелін қойып (өйткені декларацияның барлық үш түрінің жобасында пошта штемпелінің күні көрсетіліп, оларды пошта қызметкерінің қабылдауы көзделген), орасан көп декларацияны қабылдауға дайын ба. Егер жеке тұлғалар декларацияны өзі келіп тапсыруды таңдаса, онда олар салық қызметіне баруға тиіс. Салық қызметі қызметкерлерінің штаты шектеулі болғандықтан, халық көп жиналып, бұл жерде орасан кезектің болатыны анық. Бұған қоса, Бірыңғай базаның жұмыс істеуі үшін мәліметтер қағаздағы декларациялардан салық қызметінің бағдарламасына көшіріліп, электрондық нұсқасы жасалады. Тиісінше бұл да қосымша жұмысты қажет етеді. Егер салық қызметінің қызметкері көшіру кезінде қате жіберген жағдайда не болады? Қатені кім түзететін болады? Сондықтан кірістер мен шығыстарды жалпы бірдей декларациялауды енгізудің бірінші кезеңін 2017 жылдан 2022 жылға, ал екіншісі кезенін 2020 жылды 2025 жылға, яғни ауылдық елді мекендер интернет желісімен толық қамтамасыз етілгенге дейін ауыстыру қажет деп санаймын. «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы (халыққа қызмет көрсету орталықтары) салық декларацияларын қабылдамайды, олар тек ғана жұмыс станцияларына (компьютерлерге) қолжетімділік береді, ал оның консультанттары декларацияны электрондық түрде тапсыру бойынша көмек көрсетеді. Бұдан басқа, жұмыс станциялары барлық уақытта іркіліссіз жұмыс істей бермейді, сондықтан адамдар декларацияны үнемі уақтылы тапсыра бермейді. Тағы екі сұрақ. Декларацияның деректері мемлекеттік органдардың деректерімен қалай салыстырылып тексеріледі? Бұл адам ресурсын, еңбекті талап ететін жұмыс, бұл ретте оған кімдер тартылады? Қағаз түріндегі орасан көп декларация қайда сақталады? Деректерді тіркеу, әсіресе жылжымайтын мүлікті есепке алу бойынша да сұрақтар бар. Тіпті кейбір елді мекендердегі бұзылған үйлер де Жылжымайтын мүлік базасында (жылжымайтын мүлік тіркелімінде) тіркеліп тұр, көшелердің атаулары, жылжымайтын мүлік иелерінің тегі (-ов, ев алып тасталған,), әкесінің аты (-ұлы, -қызы) өзгереді. Бұл түрлі ақпараттық базалардағы деректерде сәйкессіздіктер туғызады. Көлік құралдарының базасына келсек, мұнда оларды есепке алу бойынша да қиындықтар бар. Мысалы, көлікті айдап әкету бойынша ішкі істер органдарының қаулысы болмаса, айдап әкетілген машинаны есептен шығару мүмкін емес, олар жылдар бойы иесінің атында есепте тұрады. Көптеген адамдар өз мотоциклдерінің, тіркемелерінің құжаттары болмағандықтан, оларды ресімдей алмайды. Осылайша, жылжымайтын мүлік, көлік құралдарының дерекқорын және т.б. жаңарту үнемі бір уақытта жүргізіле бермейтінін ескеріп, Декларациялардағы мәліметтерде алшақтықтар болуы мүмкін. Бұл декларация тапсырушылар тарапынан не салық қызметтері тарапынан түзету енгізуді талап етеді. Бүгін атап өтілгендей, жалпыға бірдей декларациялауды енгізуден көлеңкелі экономика азаяды деп күтіліп отыр. Алайда, ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыруға және оны салық салудан алып кетуге ықпал ететін жалған кәсіпкерлік проблемасын шешпей, көлеңкелі экономика жойылмайды. Мемлекеттік кірістер комитеті бүгінгі күнге дейін Заңды тұлғаларды есепке алу жөніндегі базаны ретке келтіре алмай отыр. Мысалы, Мемлекеттік кірістер комитеті Үкімет пен Есеп комитетінің Есебін қарау барысында 2015 жылы 1 триллион теңге сомада бюджет шығынына әсер еткен салық төлеушілер жөнінде дәл ақпарат бере алмады. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, жеке тұлғаларды жалпыға бірдей декларациялау жеке тұлғалардың кірісіне салынатын салықтар есебінен кіріс бөліктің біз күткендей ұлғаюына әкелмейді деп есептеймін. Сондай-ақ екі облыста, Мемлекеттік кірістер комитеті қызметкерлерінің және квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің кірісін жалпыға бірдей декларациялаудың пилоттық жобасын енгізуді ұсынамын.

Опрос

Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне жүгінсек, еліміздегі балаларды (3 пен 6 жас аралығындағы) мектепке дейінгі білім берумен қамту  78,6 % құрайды.  Соған қарамастан бала бақшалардағы орын жетіспеушілігі өзекті мәселе болып қалып отыр.

Сіз осы проблеманы шешу үшін қандай іс-шаралар қабылдау керек деп санайсыз? 

бала бақшаларды салуға бюджеттік қаржыны көбірек бөлу;
40% (4 votes)
кезекті ілгерілетудегі бақылауды күшейту және қызмет көрсетудің мөлдірлігі үшін әкімшіліктердің сайттарында балалардың толық т
30% (3 votes)
жекеменшік бала бақшалар, мини-орталықтар ашуды мемлекеттің белсенді қолдауы;
10% (1 дауыс)
әскерилер, ірі компаниялар мен кәсіпорындардың қызметкерлері үшін ведомствалық бақшалар ашу;
10% (1 дауыс)
пайдалануға берілген жайларда бала бақшалар ашу, мемлекеттік мекеме, ұлттық компаниялар ғимаратының бірінші қабатын пайдалану
10% (1 дауыс)
Берілген дауыс саны: 10